Смекни!
smekni.com

Роль семьи в обществе 3 (стр. 1 из 4)

Жоспар

1 .

2 .

3 .

4.

Құрманғазылықтардың мақтанына айналған батыр қыздары Хиуаз Доспанованың 2008 жылғы мамырда болған қазасы жайлы қайғылы хабары Алматыдан ауылға сол күні жеткізілді. Аудан басшылығы қазанаманы облыстық газеттерде жариялаттырды, көзі көргендер мен таныс-білістер қаһарман қыздарын көңіл босатып әңгімеледі. Бізге бар жағдай осындай болып көрінген сияқтанды. Ресми жағдайдағы іргелі көріністер олқы соққан тәрізденді. Күнде көріп жүрген көп өлімнің бірі құсаған Хиуаз Доспанованың есімі де көңілден тез ұмытылар ма екен? Ендігі ойымыз осы төңіректе сабақталады.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Құрманғазы ауданындағы Зормата ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы ұшқыш жауынгер қыз жайында кезінде 1940-1950 жылдарда аз жазылған жоқ. Ол жөнінде кесек-кесек шығармалар жазған қаламгерлер болды. Даңқты жерлесіміздің 1960, 1963 жылдарда орыс тілінде «Под командаванием Расковой», қазақ тілінде «Халқым үшін» деген өзінің жазған кітаптары жарық көргенін білеміз, талай оқығанбыз. Әкесі Қайыр Доспанов марқұм партия қызметіне ерте араласып, Орал қаласына қоныс аударуына орай Хиуаз туған ауылдан тым бүлдіршін кезінде кетті. Сондықтан оның оқыған мектебін, өскен ортасын бұл ауданнан таба алмайтынымыз рас. Соғыстан кейін Хиуаз апамыз туған жерге оқта-текте соғып кеткенін көрдік. Ол кезде 1950 жылдарда әкесі Қайыр ақсақал осындағы «Коминтерн» колхозында басқарма төрағасы болатын. Хиуаз Алматыда партия, комсомол жұмыстарында болды, оқта-текте орайы келгенде әкеге сәлем беріп кететінін ақсақалдардың айтқандарынан еститінбіз. Қалай десек те кіндік қаны тамған киелі Зормата топырағының рухы үстем болары қақ. Осы өңірде дүниеге келген Махамбет пен Құрманғазыға, Дина мен Хиуазға киелі қоныстың бір уыс топырағы бұйырмады. Бірақ олардың алдыңғыларының барлығының есімдері халқымен мәңгі бірге жасап келеді, ал Хиуаз апа қалай болар екен?

Батыс өңірден шыққан қазақтың батыр қыздары екеу емес, енді үшеу болды ғой. Мәншүк – Оралда, Әлия – Ақтөбеде мәңгілік орындарын тапты. Атыраудан шыққан халық қаһарманын мәңгі есте қалай қалдырамыз. Билік басындағы парасатты мырзалар мен зиялы қауым өкілдері ойластырар деген үміттеміз. Бұл салада туған жерінің алар үлесі мол сияқтанады. Бір өкініштісі – Хиуаз апаның кіндік қаны тамған Зормата қонысы бұл күнде «жетім ауылдар» санатының соңында жүр. Қаһарман қыздарының арқасында бұл елді мекеннің өткен тарихынан бір ауыз сөз қосқанды артық санамадық. Зормата – екі ғасырлық тарихы бар ежелгі атажұрт болатын. Бөкей ханның інісі Шығай сұлтан хандық билікті ұстап тұрған кезінде Зорматаны сыртқы аймақтармен қарым-қатынас жасайтын орталыққа айналдырған ғой. Табиғаты тамаша Шора өзенінің жағасындағы көкмайсалы алқап. Шығайдың өз балалары басқаратын ханның сардарлар тобы (қазіргі полиция іспетті) осы Зорматада болған. Кейін Биляш Баймұхамедов правитель (кәкім) өз ордасын (ставкасын) осы Зорматада салдырған. Кеңес кезінде кәкімнің көк үйі Сталин атындағы орта мектеп болды. Кейін мұндағы колхозды басқа қонысқа көшірді, одан ферма орталығына айналдырылған ауылды да тоз-тоз қылып тоздырды. Енді мұның бәрін азсынғандай Зормата елді мекені жоқ деп саналатын болды. Сонда қазақтың қаһарман батыр қызы Хиуаз Доспанованың туған ауылы жоқ болып шығады. «Бір жоқты бір жоқ толықтырады» деп халқымыз даналықпен айтқан ғой. «Хиуаз Доспанованың туған ауылы» деп бір ескерткіш белгінің орнын қалай ұйғаруға болар еді. Оның жағдайы мынадай: Зормата ауылында осы аттас ауылдық кеңес пен Партияның XIX съезі атындағы колхоз болды. Оны кейін Киров атындағы колхозға қосты да, Зормата кеңесі жойылып, Киров ауылдық кеңесі аталды. Тұрғындардың басым көпшілігі Дәшін (дұрысы Дархан) ауылына көшіп келді. Қайсар қыздың бір топырақта дүниеге келген жерлестері енді осы ауылда тұрады. Дархан ауылы бұрын да атына адамдары сай ежелгі атақоныс-тұғын. Әлгінде айтқан Биляш правительдің алдындағы Мерәлі кәкімнің ордасы да осы ауылда тұрды, ол жайында бұрынырақта жазғанбыз. Құрманғазы ауданында жалғыз-ақ әйел Социалистік Еңбек Ері атанған Нәси Нұрханаева да Зорматада туып, Киров округінің адамы болып дүниеден өтті. Дәшіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне төрт бірдей әйел депутат болып сайланғаны және бар. Демек бұл да киелі қоныс, көрікті мекен. Ойды ой қозғайды, аудандағы Калинин селолық округінің атауын ептеп-септеп өзгертті, Киров округі солай аталады. Заманына қарай амалы десек, революция қайраткерлерінің де дәурені озған шығар. Осыны енді Хиуаз селолық округі деп атаса қоғамға да, заңға да қайшылығы болмас еді. Мәншүк пен Әлияның есіміне ие болған атауларды тізбектеп жатпадық, оны халық ертеден біледі, Хиуаз Доспанованың сонымен терезесі теңесетін мезгілі келіп отыр. Жеке адамның есіміне арналатын атаулар ол кісінің бақилық болғанына бес жыл толуы керек, сосын беріледі екен дегенді тілге тиек етеді. Десек те халық қаһарманы қайсар қыздың әруағы үшін ондай мезгілді күтудің жөні жоқ секілді. Дәшін ауылында Киров селолық клубы және сол аттас халық театры бар. Осы мәдениет ошағының алдында да революция қайраткерлерінің тас мүсіні тұратын. Сол тұғырға қазақтың қайсар қызы – халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың еңселі мүсіні тұрса жастардың алар ғибраты ерекше болар еді-ау. Батыр қыздың атында бір мектеп болғаны да артықтық етпес еді. Әзірге Хиуаз апамызға көше атауы да еншіленген жоқ. Өйткені ол кісі күні кешеге дейін ортамызда болды ғой, 86 жасында ғана бақилық сапарға аттанды, бұл да ерекше қуаттылықпен өткен ғұмыр ғой. Бірақ көзі тірісінде даңқты жерлесіміздің асқан ерлігі, елімізге сіңірген еңбегі, қайраткерлік қызметі бүгінгі ұрпаққа кең түрде таныстырылған жоқ. Оның бір жағдайы – қаһарман қыз ғұмырының соңғы бірқатар жылдарында сырқат болды, ел аралауға шыға алмады, түрлі кездесулерге, алқалы жиындарға қатыса алмады. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші біз кейде тірі адамдарды да ұмытамыз ғой. Оған қоса марқұм Хиуаз апамыздың өзіне тән мінез ерекшелігі болды, оның қайсарлығы, өжеттігі, өткірлігі, қаталдығы біреулерге жақпайтын да сыңайлы еді. «Бауыржан ағасының сарқытын ішкен қайсар Хиуаз ғой» дейтіндерді құлағымыз шалған кезді еске аламыз. Ақыры Бауыржан Момышұлына, Қасым Қайсеновке, Рақымжан Қошқарбаевқа, Хиуаз Доспановаға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана «Халық қаһарманы» атағының берілуінде де бір сыр жатқандай болатын.

«Ештен кеш жақсы» бәрі орнына келді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы жасаған ерліктері жайлы талай-талай кесек дүниелер жазылғанын жоғарыда атадым, деректі кинофильм де шығарылды. Сондықтан мен оларды қайталап біреулердің жазғандарынан көшіруді ойлап отырғаным жоқ. Тек республикалық «Ана тілі» газетінде жазылған (16.ХІІ.2004 ж.) мақалада айтылатын мына көріністі әңгімелегім келді. 21 жастағы қайсар қыз Хиуаз ылғи «ПО-2» аталатын бомбалаушы ұшақпен жау бекіністерінің үстінде жүреді екен. Ылғи түнде ұшады. Бомбалаушы ұшақта штурманның атқарар қызметі тым ерекше. Тапқырлық, батылдық, өжеттілік керек. Ұшақты «шыңғыртып» отырып аспанға тік көтеріліп, әбден биіктеп алып, лезде жердегі аңға шүйілген қарақұс құсап оқыс құлдилап келіп жау бекінісінің, қару-жарақ қоймаларының үстінен ұшақ қанатының астына арнайы тұтқада бекітілген бомбаларды шуылдатып төгіп-төгіп жіберіп, лезде аспанға шығандап қайта көтерілу үшін қаншалықты тапқырлық керек екенін шамалауға болатын шығар. Немістердің зенитшілері де жарқыл-жұрқыл оқ атып уыл-шуыл күйге түседі, артынша Хиуаз тастаған бомбалардан жаппай отқа оранып үндері өшеді. Жазба деректерге сүйенсек, қазақтың қайсар қызы осындай үш жүзден астам аспанға көтеріліп, жаудың төбесінен жасын ойнатқан ғой. Теңдесі жоқ ерлік! Өзі де жараланады, қасындағы қыздардан қаза тапқандары да болады. «Кіммен жұптасып ұшпады бұл Хиуаз, Полина Белкинамен де, Мария Носальмен де, Ирина Себровамен де, Юля Пашковамен де қосылып ұшты ғой, олардың барлығы да шебер ұшқыштар еді» деп жазылған жолдарды оқып отырып, мерейлене түскендей боласыз. Солардың ортасында қазақтың қайсар қызы жеке-дара көзге түскені мақтаныш сезімін оятса керек. Хиуаз Доспанова әскери ұшақты меңгеруді, жау тылында түнде шабуылға шығуды, әскери операцияларды қалай бастап, қалай аяқтауды Саратовтағы әскери ұшқыштар училищесінде оқып үйренді, өзінің ұстазы саналатын атақты Марина Михайловна Раскованың мол тәжірибесімен машықтанады. Айта берсе халық қаһарманының ғаламат ерліктері талай туындыға арқау болатыны талас тудырмасы анық.