Смекни!
smekni.com

Роль семьи в обществе 3 (стр. 2 из 4)

Біздің нақты тоқталсақ дегеніміз – Мәншүкпен, Әлиямен терезесі теңескен қазақтың батыр қызының туған жерінде таныстырылуы, ерлік өнегесінің бүгінгі ұрпаққа уағыздалуы жеткілікті болмай жатырғаны еді. Бір ғана медеу тұтарлық көрініс – 2008 жылы қайта жаңғыртылып жасалған, аудан орталығындағы жеңіс алаңына Құрманғазы топырағында дүниеге келген бес батырға орнатылған мәрмәр тас – ескерткіштің біреуі Хиуаз Доспановаға арналғаны еді. Батыр жерлесіміз есімінің ауызға алынғаны осы ғана. Осы үрдіс енді өрісін табар деп үміттенеміз. Осы тас тұғыр үлкен тәрбие орнына айналдырылады деп санаймыз. Өткенде Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің жоғары шәкірттерімен Хиуаз Доспанованың ескерткіші қасында «Өнеге» бағдарламалық тақырыбында тәрбие сағаты өткізілген болатын. Мектеп оқушылары арасында қазақтың қайсар қызы жайлы кең таныстырудың, оны жылдар бойына үзбей насихаттап отырудың бағдарламасы жасалатын шығар деп ойлаймыз. Жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруде қазақтың қаһарман қызы атындағы спорттық жарыстар, жүлделер белгілесе, осы тақырыпта тәрбие сағаттарын өткізсе батыр апамыздың көзі тірісінде-ақ ұмыт қала бастаған көлеңкелі көріністер көрікті іске айналар еді. Киров, Орлы, Ганюшкин селолық округтерінде қайсар қыздың ағайындары, туыстары, тіпті Қайыр қарттың кенже шаңырағы тұрады. Олармен кездесулер ұйымдастырылып, салмақты естеліктер халық арасында кеңірек айтылатын болса игілікті істің орны толар еді. Ауданда көпке танылған тарихи-өлкетану мұражайы бар. Оның жәдігерлері тарихи шежіреге өте бай. Екі қабатты ғимараттың барлық қабырғаларында ине шаншар жер жоқ десек артық болмас. Сонда да Хиуаз Доспанованың өмірі мен асқан ерлік ісін баяндайтын арнайы бір бөлім – топтама ұйымдастырылса ең тиімді шаруаның бірі болары сөзсіз. Тағы бір ойға келетіні – Хиуаз Доспанованың ерліктерін баяндайтын жазбалар, әдеби шығармалар өз жерлестері арасында қазірде жоқтың қасында. Бұдан 40-50 жыл бұрын жарық көрген кітаптар тозған, жоғалған. Жоғарыда аталған «Под командованием Расковой» және «Халқым үшін» деген қайсар қыздың өзі жазған кітаптарын біріктіріп Алматыдан бастырып шығаратын демеуші табылса деген тәтті үміт жетелейді. Бұл да ойластыратын игілікті мұраның бірі болар еді. Ал облыс көлемінде ұйымдастырылатын жұмыстардың әңгімесі бөлек қой. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп бабалар айтқандай, қазақтың қыз-келіншектері арасынан әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған атақты батыр ұшқыш Хиуаз Доспанова 86 жылдық тірі ғұмырының ішінде елеусіз қалып қоя жаздады емес пе? Тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылы оған «Халық қаһарманы» атағын беруінің арқасында қайсар қыздың есімі халқымен қайта табысып еді. Дегенмен ол да бір науқандық жұмыс тәрізденіп баяулап бара жатырғандай болған-ды. Енді қаһарман Хиуаздың екінші ғұмыры басталды. Сол басталудың қазіргі аяқ алысы қалай? Көптің көңілі әзірге осыған қоңылтақсып тұрғандай.

Облыстық «Атырау» газетінде (17.06.2008 ж.) Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нариман Үлкенбаев мырзаның «Қастерлейік Хиуазды» деген пікір-ұсыныс мақаласы жарияланды. Батыр қыздың құрманғазылық жерлестері бұл бастаманы қол соғып қарсы алып отыр. Қазақтың үш батыр қыздарын бір-бірінен бөлектеп қарауды тарих жүгі көтермейді. Әлия мен Мәншүк халқымен қалай табысқан болса, Хиуаз да дәл сол биіктен көрінуге тиіс деп бағаланады. Облыс орталығында жасалса деген бірқатар бағдарламалық меңзеулерді Нариман мырза орамды ойымен жеткізген екен. Оны халық толық қуаттап отырғанын жоғарыда атадық. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңіндегі жүзеге асырылатын игі шараларға ерекше назар аударып отырған шақта, Хиуаз Доспанованың ерлік рухы ғаламат бағасымен мәңгілік мұраға айналуы керек.

2006 жылы Хиуаз жайлы деректі кинофильм түсірілгенін халқымыз кең түрде біледі, оны теледидар арқылы сан мәрте көрсетті. Сонда қайран қаларлық әңгімелер айтылады. Полкте Хиуазбен бірге болған ұшқыш қыздардың көзі тірілерінің бірі Кеңес Одағының Батыры, енді бірі ғылым докторы және сондай танымал тұлғаларға айналған. Көгілдір экранда солар сөйлеп отыр, өңірлері толған ордендер мен медальдар. Хиуаздың соғыс жылдарында жасаған теңдесі жоқ ерлігін сол құрбылары бірін-бірі қайталап тұрып ашық әңгіме қозғайды. Сонда олардың мынадай жағдайды сөз қылатындары еріксіз қайран қалдырады және артынша мақтаныш сезіміне бөлейді. Ертеректе Хиуаздың ерлігі жайлы жазылған кітаптарда да айтылатын еді. Дегенмен сол оқиғаларды көзбен көріп, ортасында бірге болып, енді бүгінгілерге тарихи куәгер ретінде тірілердің ауызша айтып жеткізуі ешқашан ұмытылмайтын өшпес ерлік екенін дәлелдесе керек. Хиуаз Доспанованың соғыс жылдарында бомбалаушы ұшақта штурман болғанын, қандай ерлік қимылдар көрсеткенін қолымыз жеткен деректер бойынша қысқаша болса да әңгімелеп жүрміз. Кітаптарда да жазылды ғой. Бірде батыр қыздың ұшағы полктегі жасырын қону алаңына келе жатып апатқа ұшырайды. Соғыс жағдайында алаңда қазіргідей жердегі бір теңгені көтеретіндей жарқыраған сәуле болмайды. Төмендегі жылтыраған таныс белгілер арқылы қону керек. Сондай сәттердің бірінде майданнан қайтқан екі ұшақ қонар тұста қатар соғылып опат болады. Хиуаздың қасындағы көмекші ұшқышы бірден қаза табады да, өзі жараланып аяғын сындырады. Бірақ госпитальда ұзақ жатып емделетін, болмаса елге қайтарып жіберетін жағдай жоқ. Хиуаз асқан ержүрек штурман. Бомбалаушы ұшқыштарда шебер, өжет штурман ғана жеңіске жетіп отырады. Жер бетіндегі от пен оқтың үстінде «ойнақтап» жүріп дұшпанның бекіністеріне ойран салу – нағыз «жүрек жұтқан» батырлардың ғана қолынан келеді екен. Мұны Хиуаздың өзі емес, Мәскеудегі полктес құрбылары айтып отыр. «Хиуаздың сынған аяғы тез арада әбден жазылып кете қоймады. Бірақ ол қайсарлығы мен батылдығын жоғалта алмады. Ылғи бомбалауға түнде шығамыз. Хиуазды ұшаққа көтеріп апарып отырғызады. Штурманның жұмысы екі аяққа тіреліп жатырған жоқ. Ол жау шебіне қырғиша шүйілген қалпында діттеген нысандарға бомбаны қашан, қалай тастауды өте шебер және жасқанбай жасайтын. Ұшақ қанаты астында бекітілген санаулы бомбаларды тастап үлгерген сәтте шұғыл кері оралу керек. Жерге қонған соң он минуттың ішінде ұшаққа қажетті бомбалар қайта бекітіліп үлгереді. Бар болғаны он минут уақыт! Жау бекіністерінің үстінде жүргенде Хиуаз көксұрланып қатып қалады. Тапсырманы толық орындап, өзіміздің әуежайға қонғанда «тірілгендей» болады. Қыздар бір-бірімізбен жылап құшақтасамыз. Артынша Хиуаз аспанға қайта көтеріледі. Ондай сапардан кері оралмай жатырған құрбыларымыз қаншама. Әйтеуір Хиуаз аман келеді. Кейде ол бір түнде аспанға жеті-сегіз мәрте көтеріледі, барлығы да сәтті аяқталады, берілген тапсырма ойдағыдай орындалады».

Міне, қазақтың батыр қызы от пен оқтың үстінде «ойнақтап» жүріп, 300-ден астам жауынгерлік тапсырма орындаған екен. Теңдесі жоқ ерлік емес пе! Ол жайында кезінде талай-талай кітаптар жазылды ғой, майдандастары айтатын естеліктері қаншама? Сонда да соңғы қырық жылдай мезгіл батыр ұшқыштың есімі көп айтылмай қалғаны да ақиқат. Оған екі түрлі себеп болғанын жасырмаған жөн. Хиуаз Доспанованың соғыстан алған жарақаты мен денсаулығының ақаулануы оның қырық жасқа жетпестен зейнеткерлер қатарына қосылуына әкелді. Екінші жағдай – оның өткірлігі мен қайсар мінезі тоталитарлық заманның тежеуіне соқтырды. Бір сөзді басынан асырмайтын билік пайда болды. «Егемен Қазақстан» газетінде (28.05.2008 ж.) қайсар қазақ Сағындық Кенжебаев туралы естелік-сұхбат «Ақиқатты айтып, арандаған» деген тақырыппен жарияланды. Сонда Сағындықтың бастан кешкен жағдайларын баяндай келе былай деп жазылған. «Сөйтіп жүргенде 1951 жылдың қазанында Алматыға, республика комсомолының Орталық Комитетіне шақырылдым. Оның бірінші хатшысы Хиуаз Доспанова мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қабылдайтынын айтты. Жұмекең мені түнгі сағат он екі жарымда қабылдады» деп одан әрі қазір көзі тірі Сағындық ағаның өзі жайлы әңгіме жалғастырылады. Біздің айтпағымыз – Хиуаз Доспанова бейбіт өмірде де мемлекет қайраткерлері қатарында қызмет жасаған адам екенін таныту еді. Көрсетілген естелікте қазақтан шыққан алғашқы ел басқарушының бірі Жұмабай Шаяхметовтың қандай адам болғаны, оның қызметтегі биік тұлғасы әділ бағаланып баяндалған. Түнгі сағат он екі жарымда жұмыс жасап отырған адамның еліне, халқына қандай еңбек сіңіргенін шамалауға болатын шығар. Хиуаз Доспанова сондай ірі тұлғалардың қатарында өзін іскерлігімен де таныта білген ғой. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқару ол кезде екінің бірінің қолынан келмеген қызмет екенін орынды атауға болады. Бірақ тоталитарлық тәртіп кей адамдардың танылмай қалуына ықпал жасағанын тарих жасырмайды. Жұмабай Шаяхметовты тым-тырыс тұйыққа ығыстырды. Бауыржан Момышұлына батыр атағын да, генерал шенін де бермей тастады, Хиуаз Доспанованы көп ұзаққа создырмай зейнеткерлікке шығара салды. Қазақтың қайсар қызы бағзы біреулер құсап «жалынып-жалбарынып» атақ-абырой іздемеді. Өжеттігін өзінде сақтап, төменшіктеуге түспеді. Әлия мен Мәншүкті мақтан тұтып жүргенімізбен, тірі Хиуазды танитын тұлғалар таптыра қоймады. Тек ол олқылықты қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалпына келтіргенін жоғарыда атадық. Бұл тақырып атыраулық қаламгерлер арасында жарты ғасыр бойына жазылған жоқ, нақты білетін адамдар дүниеден озып кетті. Бұл жылдарда Хиуаз апамыз да туған жерге келіп, атыраулықтардың ешқайсысымен сұхбаттаса қойған жоқ, Алматыға барып апайдың әңгімесін өз аузынан жазып алғандар да бола қоймады. Сондықтан ол кісінің өмірдерегінде көмескі жағдайлар болуы әбден ықтимал еді. Міне, біз осы олқылықты толтырып беруді басты мақсат санадық және осы келтірілген деректердің енді ешқандай өзгеріссіз қабылдануын қалар едік. Себебі біздер барлық жағдайды көзімізбен көрген және толық білетін адамдармыз. Олар – қазірде 94 жастағы абыз ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Досжанов Мұса қария мен осы мақаланың авторы екенін айтқаным оғаштық етпес. Мұсекең бұл тақырыпта кезінде жазыпты. Доспанов Қайырдың туғанына 100 жыл толуына орай Құрманғазы аудандық «Ленин жолы» («Серпер») газетіне (20.09.1984 ж.) «Сарғайған сан қағаздар сыр шертеді» деген атпен және «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы» атты мақалалар «Атырау» газетінің 2000 жылғы 27 мамырдағы санында жарық көрді. Аталған мақалалардың көшірмелерін мен өзіме сақтап отырмын. Оған қоса Мұсекең мынадай естелік жазыпты. Содан оқиық. «Біреулер Доспанов Қайырды 1959 жылы қайтыс болды деп жазды – бұл қате. Бұл кісі 1952 жылы қайтты, мен жерлеуіне қатыстым. Ал енді біреу Хиуаз туған жерінде үйлену тойын жасады депті, бұл – қисынсыз өтірік және оны «Көбелеңкі» деген аралда туды деуі де жаңсақ. Әрине, ол авторларды кінәлауға болмайды, олар естігендерін жазған ғой. Мен Хиуаздың дүниеге келгенін көрген адаммын. Ол 1922 жылы туған еді, мен одан сегіз жасқа үлкенмін. Доспанов Қайырдың маған нағашылығы бар. Киров округінің жерінде Шағырлы деген ауыл бар. Ондағы үлкен көпірден шығып, түстікке сәл жүргенде оң қол жақта «Сельнай» деген арал қалады, бұл – Қайырдың кіндік қаны тамған топырақ. Енді шығысқа жүргенде жол бойымен созыла түсетін қызыл төбе бар, оны «Круглый» деп атайды. Бертінде қойылған аты ғой, дұрысы «Қызыл төбе», одан тағы шығысқа көпірден шыққанда «Қызылмұрын» деген арал бар. Неге бұларға «қызыл» деген сөз қосылды – оны айта алмаймын. «Круглый» төбесінің терістік қапталында Масқар руының Қайыр, Қали, Сымағұл, Жәрдем, Мардан, Құспанғали деген ағайынды алты отбасы қоныстанды. Олардың үйлерінің орнына кейін совхоздың шопандары қыстады. Хиуаз Қайырқызы дәл осы жерде дүниеге келді. Хиуаздың атын қойған өздерінің ағайыны Сымағұлов Әлімғазы деген ақын еді, бесікке салған менің анам Ізтелеуқызы Дәмен болатын, бұл кісі 1975 жылы 94 жасында (1881 жылы туған) дүниеден өтті. 1922 жылдың қиындығын, жоқшылығын айтудың қажеті болмас. Хиуаздың бесікке салған «тыштымасын» көбейту мақсатында сүзбеден жасалған ұсақ құрттарды алақан толтырып алған баланың бірі едім. Бұған енді ешкім сенбейтін сыңайлы. Доспанов Қайыр оқығаны көп, орысша жақсы білетін адам болды. 1918 жылдан бастап совет өкіметіне белсене қызмет жасады. Сол кездегі Теңіз уезіне Нұғыман Манаев бастық болған кезде Қайрекең милиция, сот саласында жауапты қызметте болды. Ақыры оны 1925 жылы Орал қаласына құқық қорғау органдары саласындағы қызметке алып кетті де, Хиуаз бар болғаны төрт жасқа қарап тұрған кезінде туған ауылынан қол үзді. Оның барлық оқыған, жауапты қызметте болған жағдайларынан жерлестерінің толық хабары болмауы осыдан еді. Тек 1949 жылы анасы Меруетті көруге бір келіп кетті, артынша оны Алматыға көшіріп алды. Егер бүгінгі ұрпақтарына қажеті болса дегенім ғой – Хиуаздың ататек шежіресін мен мынадай түзілімде ғана білемін. Олардың арғы бабасы Қисық аталыпты. Ол кісінің қалайша «Қисық» болғанын білмеймін. Қисықтан – Мұқамбетқали мен Шеркешбай туған. Шеркешбайдан – Доспан. Доспаннан Қайыр, Бисен. Қайырдан (бұл кісі тұрмыстық жағдайына байланысты екі мәрте үйленген), бірінші Мерует анадан Белмерген, Марат, Хиуаз, Алма, екінші жеңгемізден Қобыланды мен Тарғын (бұлар қазірде Ганюшкинде тұрады) туады». Мұса ақсақал осылай деп тоқталады.