Смекни!
smekni.com

аза станда сырт ы экономикалы ызметті бас аруды йымдастыру (стр. 6 из 6)

Кейбір бағалаулар бойынша фармацев­тік рыноктың көлемі 2006 жылы 640-650 млрд. долларға жеткен. Фармацевтикалық препараттар сатудың 43 пайызы АҚШ-тың үлесіне келеді. Мұндай өнімдерді Қазақстанда сату көлемі 2000 жылғы 109 млн. доллардан 2004 жылғы 188,6 млн. долларға жетті. Дәрі-дәрмектерді өндіру 2006 жылы екі еседен астамға ұлғайып, 53,5 млн. доллар болды.

Шетелдік туристер саны 2004 жылы 808 млн. адамнан асып түсті. Бағалаулар бойынша бұл қызметтерді көрсетуден түсетін табыстар 592 млрд. долларды құрады. Туризмнің әлемдік индустрия­сына 100 млн. адам тартылған.

100 аса ірі құрылыс компаниясының жиынтық айналымы 2004 жылы 579 млрд. долларға жетті. Жетекші инженер-құрылыс фирмалары қабылдаған шетелдік тапсырыстардың құны 2003 жылы 127,8 млрд. долларды құраса, құрылыс құрал-жабдықтарының рыногы 65,8 млрд. долларға дейін өскен. Құрылыс – Қазақ­стан экономикасының жедел даму үстін­дегі саласы. 2006 жылы құрылыс жұмыс­тарының көлемі 8,2 млрд. доллардан асып түсті.

Болат шығару рыногы 400 млрд. долларға жетеді. Бұл өнімнің халқаралық саудасы қытай экспортының өсуіне байланысты қиыншылық кешеді. Қазақстан әлемде болат балқыту жөнінен 28-ші орын алады.

Көлік-логистика қызметінің әлемдік экспорты 350 млрд. долларға дейін өсті. Авиация техникасын сату рыногында ұшақ жасаушы “Боинг” және “Аэрбус” компанияларының арасындағы бәсеке шиеленісе түсті. АҚШ-тың жетекші авиакомпанияларының өз өнімдерін сату көлемі 253,1 млрд. долларға жетті.

Жиһаз шығару 2004 жылы 218,5 млрд. еуроға дейін ұлғайды. Мұндай ұлғаю барлық құрлықтарда да жүріп жатыр. Соның ішінде Қытайда 19,4 млрд., Жапо­нияда 16,2 млрд. долларға дейін жетті.

Спорт тауарларының дүние жүзіндегі рыногы 2006 жылы 175 млрд. долларға бағаланды, бұл 2000 жылғыдан екі есе дерлік көп, ал 2015 жылға қарай ол 240 млрд. доллар болады деп күтілуде. Қазақстанда 2000-2004 жылдары спорт тауарларын сату екі еседен астамға өсіп, 8,66 млрд. теңгеге дейін жетті.

Жаңа экономика

Әлемдік саудада жаңа, жоғары техно­логиялардың, ғылымды көп қажет ететін тауарлардың үлесі өсіп келеді. Ақпарат­тық-коммуникациялық техноло­гиялар жаңа экономиканың негізгі мазмұнына айналды. Бұл индустрия жаһандық сипат­қа көшті. 2006 жылы цифрлы техноло­гияларды сату 2,6 трлн. еуро, соның ішінде байланыс қызметі 1 трлн. еуроға жетті, мұның өзі ауылшаруашылық өнім­де­рінің, тоқыма бұйымдар мен киімдердің сауда көлемінен асып түседі. АКТ-ның халықаралық саудасы 2003 жылы 933 млрд. долларға жетті. АКТ тауарларының экспорты мен қызметі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде 2002 жылы 614 млрд. доллардан асып түсті.

2005 жылы сатылған ұялы телефондар саны 836 млн. дана болса, бұл байланыс абоненттерінің жалпы саны 2 млрд. адамнан артық болды. Бұл Жер шарының әрбір үшінші тұрғыны деген сөз. 2006 жылы бұл өнімді сату көлемі 113,5 млрд. доллар, ұялы байланыс қызметі 573 млрд. доллар болған. 2009 жылы ұялы телефон­дардың әлемдік рыногы 1086 млн. бірлікке, соның ішінде үшінші кезең шығарылымы 615 млн. бірлігіне жетеді деп күтіліп отыр. Ал телефондарды сату 121 млрд. долларды құрамақ. Осы өнімдер бойынша әлемдік сауданың 50,2 пайызы “Nokіa” мен “Motorola” үлесіне келмек.

Қазақстанда ұялы байланыс абонент­терінің саны 8,4 млн. адамға жетті. Яғни елдің әрбір екінші тұрғыны қалтафонға ие. Бұл ТМД-да Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші көрсеткіш.

Дербес компьютерлерді сату 2006 жылы 234,5 млн. данаға дейін өсті. Олар­дың әлемдегі жалпы саны 1 млрд. данаға жетті. 2007 жылы дербес компьютерлерді сату 254 млн. данаға дейін өсіп, сомасы 232 млрд. долларды құрамақ. Әсіресе, портативтік компьютерлерді сату жедел өсуде, олардың көлемі әлемдік рыноктың 31,4 пайызына жетті.

Қазақстанда 2000-2004 жылдары компьютерлер мен бағдарламалық қамта­масыз етуді сату 2,4 млрд. теңгеден 37,7 млрд. теңгеге дейін, 15,7 есе өскен. 2006 жылы елімізде 1,05 млн. дербес компьютер болған, мұның өзі жалпы әлемдік деңгейден 2,3 есе аз. Осы қарқын сақталған жағдайда компьютерлендірудің бұл айырмашылығы 2-3 жылда еңсерілмек.

Жартылай өткізгіш аспаптарды (ЖА) әлемдік сатудың жиынтығы 2006 жылы 254,7 млрд. долларға бағаланған. Дербес компьютерлер үшін бұл өнімді жеткізіп беру 2005 жылғы 58 млрд. доллардан 2010 жылғы 84 млрд. долларға дейін өседі деп болжанады. Электрондық құрамалар рыногының жедел өсу үстіндегі сегменттері қатарында 2006 жылы 40,2 млрд. долларды құраған есте сақтау қондырғыларын, 38,2 млрд. доллар болған жалғастыру желілерін айтуға болады.

Интернетті пайдаланушылар саны 1 млрд. адамнан асып түсті. АҚШ, Қытай, Жапония алда келеді. Америкалық Интернет-экономикада жетекші төрттіктің ұстанымы нығая түсті. Олардың табыстары былайша өскен: “Mіcrosoft” – 37,8 млрд. долларға дейін, “Іntel” – 12,6 млрд., “Dell” – 9 млрд., “ІBM” – 8,7 млрд. долларға дейін.

Қазақстанда, статистикалық мәліметтер бойынша, Интернетті 600 мыңнан астам адам пайдаланады. Бұл әлемдік деңгейден 4 есе аз. Іnternatіonal Telecommunіcatіon Unіon мәліметтері бойынша Қазақстан әр жүз адамға шаққанда пайдаланушылар саны жөнінен әлемде 147-ші орында. Бұл Моңғолияның деңгейінен 2,7 есе, Қыр­ғыз­стандағыдан 2 есе аз. Ал Интернетті пайдаланушылардың жалпы саны жөнінен Қазақстан 87-ші орында.

Орнатылған смартфондар саны 2003 жылғы 7,4 млн. данадан 2006 жылғы 69,5 млн. данаға дейін өскен, олардың саны 2011 жылы 190 млн. данаға жетпек. Оптоэлектрондық құрамдастарды (жарық диодтары, лазерлер, оптрондар және басқалар) сату 2006 жылғы 16,5 млрд. доллардан 2010 жылғы 31,8 млрд. долларға дейін өседі деп болжанады. RFІD-жүйелер (радиолокиация жолымен нысандарды біріздендіру және мәліметтерді өңдеу технологиясы) әлемдік рыногының көлемі 2004 жылғы 1,5 млрд. еуродан 2010 жылы 22 млрд. еуроға жетеді деп күтілуде. Шыны талшықтарын жеткізіп беру 2005 жылы 68 млн. шақырымға жеткен. Лазерлер мен лазерлік жүйелерді сату 2004 жылы 60 млрд. еуродан асып түскен болатын.

Электрондық сауда (несиелік карталар, телефондық банкинг, интернет дүкендер) жоғары қарқынмен дамып отыр. Әлемде электронды коммерция көлемі 1999 жылғы 98,4 млрд. доллардан 2004 жылғы 6800 млрд. долларға дейін өсті. 150 миллионнан астам америкалық, 100 миллионнан астам еуропалық оның қызметін пайдаланады. АҚШ-та ғана бұл бизнеске 820 мың компания тартылған.

Қазіргі кезде 1,3 миллиардтан астам пластикалық төлем карточкалары шығарылған. Олар бойынша жыл сайынғы әлемдік айналым 3 трлн. доллардан асып жығылады. Төлем карточкалары 20 миллионнан астам сауда-сервистік кәсіпорындарда қабылданады. Жарты миллионға жуық банк бөлімшелері сол карточкалар бойынша операциялар жүргізеді, 43 елде 700 мыңнан астам банкоматтар жұмыс істейді. 2005 жылы пластикалық карточкалардың әлемдік рыногында “Vіsa” үлесі 49,6 пайыз, “MasterCard” үлесі 23,9 “Amerіcan Express” үлесі 14,3 пайыз болды.

Қазақстанда төлем карттарын 4 миллионнан астам адам пайдаланады. 20 банкі карттар шығарады. 2006 жылы 2,3 мың банкомат, 10,7 мың РОS терминалдар болды. Республикада 30-ға жуық интер­нет-дүкендер ашылған. Төлем карттарды пайдалану арқылы жасалған операция­лардың жалпы көлемі 2003 жылғы 396,1 млрд. теңгеден 2006 жылғы 1428 млрд. теңгеге дейін артты. Өсу қарқыны орташа әлемдік деңгейден жоғары.

Ғарыштық экономика дамып келеді. “Galіleo” жүйесінің навигациялық қызмет көрсету рыногы болжам бойынша 2020 жылға қарай 250 млрд. еуроға жетпек, оның табыстары бұл жүйені құруға кеткен шығындардан 5 есе артық болады. Спутниктік операторлардың айналымы 86,8 млрд. долларға жетіп отыр.

Қазақстанда ғарыштық бағдарлама жасалып қабылданған және іске асыры­луда. Маманданған ұйымдар құрылып, алғашқы отандық спутник ұшырылды, Ақкөлде басқару орталығы ашылды. Таяу­дағы болашақта қашықтықтан оқы­туды, спутниктік навигациялық жүйені және байланысты жаңаша пайдалану жолға қойылады. Сондай-ақ ғарыштан жерді және оның атмосферасын зондтау қызметін пайдалану мүмкін болады. Бұл міндеттерді шешуге “Бәйтерек” зымыран­дық-ғарыштық кешені көмектесетіні анық.