Смекни!
smekni.com

М.Ма аев (стр. 3 из 3)

Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге.

Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде,

Әркім қара басының амандығын тілеуде, –

деген Райымбек сөздері арқылы ақын алауыздық, қорқақтық, опасыздық, күншілдік, өзара бақастық сияқты жағымсыз қасиеттердің неге әкеліп соғатынын ашып көрсетеді Өз қара басының қамын ойлағандарды аяусыз әшкерелейді.

...Енді оқушы Райымбектің осы тығырықтан шығудың жолын іздеуге, елін қорғауға берік бекінгеніне күмән келтіре алмайды. Поэмада сұңғыла Қабай жырау да мұны анық байқайды. Мысалы:

– Қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер ең?

– Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.

Қатын болып күн кешіп, жүргеннен де қырқысып,

Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!

Жырау сөзі:

– Өзің бала болсаң да, сөзің дана, отты екен,

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен..–

деп жалғаса береді.

Жыраумен бірге біз де алдыдан үлкен іс күткен сезімге бөленеміз. Поэмаға ары қарай үңілсек, бәйгеге қосқан Түкенің дүлдүл күреңі мен баласының жоқ болып кетуі оқушысын еріксіз алаңдатады...

Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді,

Кермені үзіп, сәйгүліктер де жеткен-ді.

Көре алмай Түке баласы менен күреңін,

Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді.

Енді бір сәтте, басқаға ұнамаса да... жас батыр арманының орындалғанының куәсы болып қуанамыз, қостаймыз. Мысалы:

Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды;

Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.

Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,

Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.

Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,

Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.

Өз атын өзі ұрандап бала келеді,

Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.

Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,

Келеді бала, есімін өзі ұрандап.

Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,

Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап,

Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.

Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,

Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.

Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,

Албанға алғаш өстіп өзін танытты.

Ақын Райымбектей қайсар да өжет жастың бойынан жанайын деп тұрған от ұшқынын шабыттана көрсетіп жырлайды.

...Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,

Желісін үзіп, сендерден қайда барады, –

дей отырып, Қабай жырау өз қоштауын білдіреді. Жас «батыр бала» аузынан кесек те ірі сөздер төгіледі. Жыр жолдары ары қарай жалғаса береді. Түке өлген. Ақын енді Райымбектің ер жетіп есейген кезін суреттейді.

Он сегізде Райымбек,

Жүрген жоқ әке өлді деп, уайым жеп.

Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,

Тізесін бүктірмесе құдайы кеп.

Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт,

Қатыгез құмға біткен қарағаштай, –

деген жыр жолдарынан болашақ батыр бейнесі анық танылады. Ақын поэманың барысында Райымбектің көрегендігін, батылдығын көрсетіп, оның келер күнді болжап, бүкіл қазақ еліне қауіп төніп тұрғанда, болашақ ел тағдыры не болар екен деген ой-толғанысын жеткізе суреттейді.

Ақын Райымбек бойындағы батырға тән қасиеттерді сипаттай отырып, өз халқының бақыты үшін қандай қиыншылыққа болса да төзе білудің үлгісін танытады.

Әзірге аман тұрғанға малы-басың,

Сауық пенен сайранға салынасың.

Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап,

Неменеңе жетісіп, қағынасың?!

Қайта шапқан жауыңды танығасын,

Құдайыңа шынымен табынасың,

Атамекен, жұртыңды сағынасың,

Бұралқы боп, жат жерде зарығасың.

Осы өлең жолдарының өнегесі сонда – адамдық, азаматтық сезімді ғана оятып қоймайды, ел, жер үшін күреске шақырады, оны адамзаттық асқақ сезімінің дәрежесіне биіктетеді. Мұқағали мұрасының мәңгіге өшпес үні осындай ойлардан туындаса керек.

Мұндай ойлы, парасатты сөздің астары, сөз мәнін түсінер кез келген адамның жүрегін қозғап, толқытарына күмән жоқ.

Поэма Райымбектің бұдан кейінгі іс-әрекеттерін суреттей отырып шарықтай түседі. Елдің елдігін сақтар, оны сыртқы жаудан қорғар Райымбектей батыр ұлдың ерлігін ақын ерекше шабытпен шебер жырлайды.

Ал Қабай жыраумен кездескенде айтылатын батыр сөздері, халқын аса қадір тұту батырдың келбетін ашады:

Сырымбет әулетінен таралғамын,

Хангелді қасиетінен нәр алғанмын.

Кенедейден көзімді ашқан жауым,

Еске түсіп, бойымды басқанға мұң,

Деген ой «жастығымды ала жатсам»,

Жоқ-тұғын менің мүлде басқа арманым.

Көпті көрген Қабай жырау батыр арманын, күрес ұранын ту етіп ұстаған, ел басын қосуға талпынған жас батырды тани отырып, өзінің салиқалы ақыл-өсиетін білдіреді:

Ауызданбаған арланым,

Жауыңа жалғыз бармағын,

Қиылып қалар арманың!

Халқыңа хабар арнағын.

Шабарыңды білдірме,

Шаужайыңнан ілдірме!

Жекпе-жек күтіп, ділгірме!

Жер қайысқан жауыңды

Жеңемін деме бір күнде! –

деп жалғаса түседі.

Поэманың соңында Райымбекке: "Іле өзенін кесіп өтсін, сонда ғана қолбасшы болады" деген би шешімі, қойған шарты өте ауыр екенін оқушы жақсы түсінеді. Бірақ олар батыр ұлға деген сенімін жоғалтпайды, бұл ауыр сыннан сүрінбей өтетініне сенеді.

Жұрт назарын өзіне аударған Райымбек:

Ағынменен күрең ат жалдап кетті

– Кетті

– Өлді! – Жағалау зарлап кетті.

Бір кісінеп жануар жіберді де,

Ағын айдап, есен-сау ар жаққа өтті.

– Дауасы жоқ жан екен, оты жанған,

Ілесіңдер осыған оты барлар!

Су жол берген батырға мен жол бермей,

Қамауда ұстап қыранды отыра алман.

Барыңдар, әкеліңдер салға салып,

Сынайын сырттаныңды жауға салып.

Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір,

Қатарын бөрілердің қанжоса ғыл.

Дауасы жоқ жан екен жаратылған,

Тұлпар екен тұғырдан дара туған.

Қамауда ұстап қыранды отыра алман,

Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.

Хангелдінің сауытын кигізіңдер,

Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.

Сырымбеттің туының алдына әкеп,

Тәубе еткізіп, басын да игізіңдер.

Поэманың өршіл рухы, патриоттық мәні ашыла түседі. Биік мұратқа жету жолындағы Райымбек арманы іске асқанын оқушы анық ұғып сезінеді. Өз халқының бақыты мен бірлігі үшін ішкі, тысқы жаулармен аянбай күресудің мәнін ақын оқушыға жеткізе білген.

Би кесті,

Қара халық қабылдады,

Қару алып, қол жимақ қабырғалы.

Жорыққа әзірленіп жатты қауым,

Қасынан Райымбек табылғалы, –

деп болашаққа апарар жолды мезгейді.

Өз жыры арқылы ақын халқының асыл перзенті Райымбекке өшпес ескерткіш орнатты. Ел амандығы, бүтіндігі Райымбек сияқты батырларға байланыстылығын ақын дәл көрсетеді.

Табиғат,

Жанымды алсан,

Алшы менің.

Бір түйір жерге түскен тамшың едім,

Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,

Артымда қалсын жерім,

Қалсын елім... –

деген ақынның шығармалары – қай кезде болмасын халқының қажетіне жарап, рухани игілігіне айналған құнды мұралары.