Смекни!
smekni.com

Каза стан Республикасыны Конституциялы Ке есіні ы ты м ртебесі (стр. 20 из 22)

Нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылданбаған, ал бұл, конституциялық бақылау практикасы көрсеткеніндей, құқық қолдану практикасында кейде олардың нормаларын түрлі мағынада түсіндіруге алып келеді. Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 қазандағы № 20/2 және 2007 жылғы 14 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыларынан, нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің толығымен сәйкес болуы қажет екендігі келіп шығады, ал бұл шартты сақтамау конституциялық заңдылықты өрескел бұзу деп танылып, Конституциялық Кеңес атап көрсеткеніндей, нормативтік құқықтық актінің конституциялық емес деп танылуына негіз болып табылады. Бұл орайда Республика Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің 2007 жылғы 30 наурыздағы Хаттамалық шешімімен Әділет министрлігіне Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге Конституцияға сәйкестігі және қазақ, орыс тілдеріндегі мәтіндерінің өзара сәйкестігі тұрғысында мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құру тапсырылған болатын, алайда бұл шешімнің орындалғаны туралы ақпарат әлі күнге жоқ.

Жаңартылған Негізгі Заңның әлеуетін толық жүзеге асыру, ондағы көзделген құқықтық институттарды уақтылы құру және ұлттық заңнаманы дамыту елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі мен өткізілген конституциялық реформаның тиімділігін білдіретін маңызды көрсеткіштер болып табылады.

Негізгі Заңның жергілікті өзін-өзі басқаруды құру және іске асырудың принциптерін, әкімдерді тағайындау тәртібін және мәслихаттардың өкілеттігін белгілейтін нормалары қағидалы өзгерістерге ұшырауына байланысты, осы саладағы конституциялық жаңалықтарды жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық актілердің тұтас бір дестесін қабылдау қажет.

Саяси партиялардың конституциялық деңгейде ролі артуын және оларды мемлекеттің қаржыландыруына салынатын тыйым алынып тасталуын ескере отырып, саяси партиялар туралы, қоғамдық бірлестіктер туралы заңдар және мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-әрекеті мәселелерін реттейтін өзге де заңнамалық актілер тексерілуге тиіс.

Негізгі Заңның өмір сүру құқығына кепілдік беретін 15-бабының жаңа редакциясы өлім жазасын іс жүзінде жояды, өйткені, оның нормаларына сәйкес, жазаның бұл түрі соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін және адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін ғана заңмен көзделуі мүмкін. Бұл деген сөз, Қылмыстық Кодекстің Жалпы бөлімінде террористік қылмыстардың тізбесі белгіленуге тиіс, ал оның Ерекше бөлімінің ең ауыр жаза көзделетін және жаңа конституциялық талаптарға жауап бермейтін баптарының санкцияларынан өлім жазасы алынып тасталуға тиіс. Тиісті заңды қабылдай отырып, Парламент оның нормаларын Мемлекет басшысының 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген және осы жазаның қолданылу аясын бара-бара тарылтуға бет түзейтін Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелеріне сәйкестендіруге тиіс. Алайда, Конституциялық Кеңес, Негізгі Заңның 15-бабы өзгертілгеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де, бұл конституциялық норманы жүзеге асыруға бағытталған тиісті заң жобасы ел Парламентіне енгізілмегенін атап өтеді.

Тұтқындауды соттың санкциялауы туралы норманың Негізгі Заңға енгізілуі және анықтау мен алдын-ала тергеуді сот пен прокуратурадан бөлетін конституциялық тыйымның алынып тасталуы, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуін қажетсініп ғана қоймай, сотқа дейін іс жүргізудегі сот бақылауын кезең-кезеңімен кеңейтудің болашағы туралы мәселені талқылай бастауға мүмкіндік береді.

Конституциялық Кеңес сондай-ақ, Республиканың Бас Прокурорына Конституцияға қайшы заңдарға наразылық білдіру құқығын беретін конституциялық норманың (Негізгі Заңның 83-бабының 1-тармағы) осы уақытқа дейін жүзеге асырылмай отырғанын атап көрсетеді. Іс жүзінде ол бұл құқықты пайдалана алмайды, себебі заңнамада осы өкілеттікті жүзеге асырудың құқықтық механизмі көзделмеген.

Одан әрі саяси жаңғырту бағдарламасында сот төрелігі жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға және тиімділігін арттыруға бағытталған, конституциялық-құқықтық дамудың жаңа кезеңіне бара-бар және халықаралық стандарттарға жауап беретін сот реформасына маңызды орын берілуге тиіс. Бұл орайда Конституциялық Кеңес, Негізгі Заңның 80-бабының соттарды қаржыландыру және судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету «сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс» деген конституциялық талабы іс жүзінде жеткіліксіз орындалатынын, ал бұл судьяларды жергілікті атқарушы билік органдарына жиі тәуелді етіп қоятынын және сыбайлас жемқорлыққа бастайтынын қайталап атап көрсетеді.

Сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы принциптерін күшейткен, сол арқылы азаматтардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауының құқықтық мүмкіншіліктерін кеңейткен жөн. Әділ де тиімді сот төрелігінің негізін құрай отырып, бұл принциптер іс бойынша объективті шындықты анықтау үшін оңтайлы жағдай жасайды. Бұл алқабилер қатысуымен өтетін сот енгізілуіне орай айрықша маңызға ие болады. Конституциялық Кеңестің есептеуінше, сот актілерінің және прокуратура іске асыратын қылмыстық қудалаудың заңдылығын прокурорлық қадағалау функцияларының ара-жігін заңда нақтырақ ажырату қажет [16 б.67]

Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі көбінесе қолданыстағы заңдардың сапасы мен ұлттық нормативтік-құқықтық базаның тұрақтылығына байланысты болып келеді. Конституциялық бақылау материалдары, кейбір заңдардың тиісті түрде тұжырымдамалық дайындықсыз қабылданатынын, бір-біріне қайшы келіп жататынын, ал оларға негізсіз жиі енгізілетін түзетулер қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының тұрақсыздығын туындататынын айғақтайды. Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне өткен жылдың өзінде Парламент 10 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізді, соның 7 – шілде айында. Үкімет бастамашылық жасаған жекелеген заң жобаларын қарай отырып, депутаттар олардың тұжырымдамалары шегінен шығып ғана қоймай, құқықтық нормалармен толықтырып та отырған. Бұл нормалар, Конституциялық Кеңестің есептеуінше, Конституцияда және өзге де заңнамалық актілерде көзделген барлық рәсімдерді сақтай отырып (негіздеме жасау, қаржы-экономикалық есептеу және ғылыми сараптама жүргізу, заңдық және әлеуметтік салдарына болжам жасау және т.б.) енгізілетін өз алдына бөлек заң жобасының нысаны болуға тиіс еді. Одан тыс, заң жобаларын әзірлеу және заңдарды қабылдау кезінде Парламенттің Конституцияның 54-бабы 1-тармағында және 61-бабы 3-тармағында белгіленген заң шығару өкілеттігінің шегі сақталғаны жөн. Соған орай Конституциялық Кеңес, Республика Үкіметінің, Парламентінің және заң шығару процесінің өзге де қатысушыларының өзара іс-әрекет жасау рәсімдерін жетілдіру, заң шығармашылығы қызметінің нәтижелерін және қолданыстағы заңнаманың тиімділігін ұдайы құқықтық тұрғыдан бақылаудың жүйесін қалыптастыру жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп пайымдайды.

Конституциялық бақылау практикасы көрсеткеніндей, қолданыстағы заңнамада жекелеген құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық белгілейтін, редакциялары жетілдірілмеген нормалар әлі күнге дейін бар, ал бұл құқық қолдануда қиыншылық туғызады. Атап өтілгеніндей, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес: «... адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңдылы мінез-құлықты заңсыздығынан мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс», – деп түсіндірді.